Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитте жариялаған «Əлем. ХХІ ғасыр» манифесін баянды ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» республикалық акциясын өткізуге бастама көтерді.

   

Бұл қадамның тарихы әріден басталады екен. Мысалы, өштескен, өзара жанжалдасқан екі жақтың ұрыс-керісін тоқтату, түпкілікті татуластыру үшін ақ жаулықты аналар ортаға орамалын тастайды екен. Қазағымызда ақ сөзінің мағынасы терең. Ананың ақ сүті тәрізді, ақ орамалдың да қадір-құны өте жоғары. Бүгінгі акцияның негізгі бағыт-мақсаты да әлемде орын алған түрлі қақтығыстарды тоқтату, еларалық дау-дамайды тыю, жалпы негізсіз жауласу, қантөгіс ниетіне тосқауыл болу. 

Осыған орай ауданымызда да «Ақ орамал» акциясы шеңберінде игі шаралар қолға алынды. Акция барысында аналарымыз соғыста ерлік көрсеткен батырлар мен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына тағзым етіп, бейбітшіліктің нышаны ретінде ақ орамалдар іліп, ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.

Шарада аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина, ардагер-ұстаз Гүлжиян Табылдиева, Римма Жұмағалиева, ақ жаулықты аналар Чиослан Адошева, Гүлниса Әбілқайырова сөз сөйлеп, -бүгін «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесінде көрініс тапқан Президентіміздің бейбіт бастамаларына қолдау білдіру үшін жиналдық. Әлемде тұрақсыздық басым. Жер-жерлерде жанжалдар тұтанып тұрады. Осыны қаперімізде ұстап, бейбітшілікті қызғыштай қоруымыз қажет. Әрбір отбасында балаларымыз бен немерелерімізді бейбітсүйгіштік, отансүйгіштік рухта тәрбиелегеніміз лазым. Еліміз тыныш, ақ жаулықты аналарымыз аман болсын, -деді.

Сондай-ақ акция барысында ақ орамал таққан аналардың бейбіт шеруі ұйымдастырылады.

Бейбітшілік пен татулықты, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін «Ақ орамал» акциясы тамыз айының соңына дейін жалғасады. 

Әсем БОЛАТ