САҒИТ АҒАМЫЗДЫҢ ҚҰНДЫ ДҮНИЕЛЕРІ САҚТАУЛЫ ТҰР

Бүгін Қазталов қоғамдық бірлестігінің төрағасы Володя Габидуллин қоңырау шалып, келіп кетуімді өтінді. - Қандай шаруа екен? - деп ойланып та қалдым... Қызмет бөлмесіне кірсем, Бәкең (Володя) "көмбенің" ортасында отыр. Толған суреттер, қолжазбалар, кенепке қарандашпен салынған суреттер толып жатыр, толып жатыр... Володя: - Мына тарихи суреттерді Сағит Садықов ағамыздың жұбайы Күләш апай Орал қаласына қоныс аударар кезде маған табыстап кетті. Оның айтқаны,- Ағаңның жинаған, өз қолымен салған суреттері. Қаладағы шағын бөлмеге сыймайды ғой. Қажетті кезінде жаратарсыңдар,- деп аманаттаған еді. Оған да біраз жыл өтті. Осыны аудан тұрғындары білсің деп сендерді шақыртып отырған едім, - деді.

Суреттердің кейбіреуін фотоға түсіріп алдық. Танып тұрсаңыздар "Қарлығаштың" негізін қалаған Райса Шынтемірова апамыз, Телман, Слана Имашевтар, Жұбан Молдағалиев... Ал мына бір сурет 1817 жылғы Қазталовтың көрінісі екен.

Сағит ағамыз қандай еңбекқор адам болған десеңізші?! Елімізде "Рухани жаңғыру" бағдарламасы іске асырылып жатқан кезде және аудандық музей қайта жабдықталып, бөлек отау болған уақытта мына құнды дүниелер музей төрінен орын алады деп сенеміз. Володя бұл жәдігерлерді тапсыруға даяр отыр.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ