13 қараша күні аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан орталығындағы сауда-саттық орындарын аралап, олардың жұмыстарымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті.

Саудамен айналысатын кәсіп иелерімен кездесулерде аудан әкімі: Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға үнемі қолдау көрсетілуде. Сіздер сол қолдаудың арқасында кәсіптеріңізді дамытып әрі халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп отырсыздар. Бұндай жұмыстарыңызға ризашылық білдіреміз. Дегенмен, сіздердің тұтынушылар алдындағы және халыққа қызмет көрсетуде сапалы жұмыс атқаруларыңызды қалаймыз. Сондай-ақ кейбір сауда дүкендерінде санитарлық талаптардың төмендігі де көзге түседі.   Алынған тауарға чек бермеу фактілері де бар. Тауар чегінің тұтынушылар тарапынан да сұралмайтынын байқадық. Сонымен қатар ауданымызда сауда орындары көптеп салынуда.  Бұл да жақсы нәтиже деуге болады. Бірақ, сол дүкендердің айналасын абаттандыру, заманауи талаптарға сай ұстауына мән берілмеуде. Атап айтсақ, осыдан 10 жыл бұрын ашылған дүкендер сол баяғы қалпында тұр. Керек десеңіз орталықтағы басты көшелерде орналасқан сауда орындарының айналасындағы тазалық пен жарықтандыру мәселесі ақсап тұр. Бұның барлығы аудан орталығының абаттандырылуына кері әсерін тигізуде,- деді.   
Сауда орындарын аралау кезінде аудан әкімімен бірге «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының өкілі, аудандық кәсіпкерлік бөлімі, аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының және аудандық салық басқармасының басшылары да болды.      

Қайрат ЖАҚЫП