Жауап: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тек заң аясында ғана қызмет атқарады. Сәйкесінше «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 58,5 жасқа толғанда), сондай-ақ, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі мерзiмсiз болып белгiленген жандарға төленеді. 

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.

Яғни, ағымдағы заңда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары есебінен несиені өтеу, жылжымайтын мүлік сатып алу, оқу ақысын төлеу және басқа да шығындарға жұмсау мүмкіндіктері қарастырылмаған.

Жалпы, Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі тұрақты түрде дамып келеді. Салымшылардың сауалдары мен өтініштеріне сараптама, ал зейнетақы жарналарына мониторинг жүргізілуде. Актуарлық есептемелер жасалып, әлемдік тәжірибелерге талдау жүргізіліп жатыр. Сондықтан Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу туралы әңгіме қозғауға әлі ерте.