БЖЗҚ

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

2019 жылғы 02 қазан

 

Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне және «БЖЗҚ» АҚ-тың 2018 жылы атқарған қызметіне қатысты сенімсіз, жалған ақпараттар тарап кетті. Азаматтар үшін анық, шынайы ақпараттың қажеттілігін ескере отырып, «БЖЗҚ» АҚ мына мәліметтерді хабарлайды

2019 жылдың 1 қаңтарына қарай салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,4 млн бірлікті құрады. Олардың ішінде 9,8 млн шот  – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), 479,5 мың шот – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және 47 803 шот – ерікті зейнетақы жарналары есебінен ашылған.   

МЗЖ есебінен ашылған шоттардың ішінде 8 млн 730 мың шот (зейнеткерлік жасқа толғандарды, қайтыс болған немесе шетелге тұрақты тұруға кеткендерді есепке алмағанда) қызметтегі салымшыларға тиесілі. Бұл көрсеткіш еліміздегі жұмыспен қамтылған халық санына (2019 ж. 1 қаңтарына қарай 8 млн 965 мың адам) сәйкес келеді. Бұған қарап, елімізде жұмыспен қамтылғандар жинақтаушы зейнетақы жүйесімен толық дерлік қамтылған деп тұжырым жасауға болады.   

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылар мен алушыларға арналған ұялы қосымшасы қолдануға барынша ыңғайлы бола түсті.

Еске саламыз, Қордың қазақ және орыс тілінде жұмыс істейтін ұялы қосымшасы арқылы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алуға, сондай-ақ зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, шарттардың деректемелерін, жаңалықтарды, Қор филиалдарының байланыс нөмірлері мен мекенжайларын көруге болады. Енді осы қызметтердің қатары жаңа мүмкіндіктермен толықты. Олар: болжамды зейнетақы калькуляторы, онлайн-бот және халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына өтініш жасауға мүмкіндік беретін қызметтер. Бұл ретте зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақыны есептеуге мүмкіндік берілсе, онлайн-бот арқылы жиі қойылатын сұрақтарға жауап алуға болады.   

2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 9,99 трлн теңгені құрады.

Салымшылар мен алушылардың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2018 жылдың шілде мен 2019 жылдың маусымы аралығында (өткен 12 ай ішінде) 9,4 пайызға жетті. Дәл осы кезеңде инфляция деңгейі 5,4 пайызды көрсетті.

2019 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық табыстың жалпы сомасы 285,2 млрд теңгеден асты.

2019 жылдың басынан бастап Қазақстан заңнамасында жаңа жаңалық - Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. Оны енгізудің басты себебі – бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың қызметін тіркеуді жеңілдету.

Бүгінгі күні бұл төлем 4 міндетті төлемді бір реттік төлеммен алмастырады. Олар:

-  жеке табыс салығы;

-  БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасы;

-  мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік аударым (МӘСҚ);

-  әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына әлеуметтік жарна (ӘМСҚ).